«Birgemiz» қайырымдылық қорына 13 млрд теңге түскен

«Birgemiz» қайырымдылық қорына 13 млрд теңге түскен

13 миллиард теңге. «Birgemiz» қайырымдылық қорына қазақстандықтардан осынша қаржы келіп түскен. Бұл жөнінде арнайы брифинг барысында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда барлық өңірлерде қордың өкілдіктері ашылып, арнайы сайт іске қосылды.

«Қорға түскен қаражат пен шығындар жарияланады. Тіпті чектерге дейін көрсетіледі. Қазір әр өңірде көмекке мұқтаж адамдардың тізімі жасалуда. Олар жақын уақытта қордан көмек алады»,- деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ министр төтенше жағдай кезіндегі еріктілердің көмегін ерекше атап өтті. Қайырымды жастар тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының өзінде мыңға жуық акция ұйымдастырды. Игі шаралар аясында 30 мың адамға жәрдем берілген. 8 мыңға жуық отбасына азық-түлік жеткізіліп, 200 мың медициналық маска таратылған.

 

Фото: liter.kz