Табысынан айырылған 506 қазақстандық әлеуметтік төлем алды

Табысынан айырылған 506 қазақстандық әлеуметтік төлем алды

Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған 11 мың қазақстандық әлеуметтік төлем алу үшін жүгінген.  Бүгінгі таңда 506 адам белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінде төлем алды. Оған келесі санаттағы азаматтар: орта, шағын және микробизнес қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын адамдар, міндетті зейнетақы жарналарын аударған жеке тұлғалар және карантин енгізілген аймақтарда нәпақадан қағылған ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері кіреді.

Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес, бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей еңбек ететіндер де ие болады. Жалпы, ел бойынша бұндай әлеуметтік көмекпен 3 миллионға жуық азамат қамтылады.

«Жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде мынадай қосымша шешімдер қабылдадым. Табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсеттік. Енді, 42500 теңге көлеміндегі осы көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырамын»,-деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналардың эфирінде. 

Өтінішті электронды үкімет порталынан беруге болады. Өтінім үш жұмыс күнінің ішінде қаралады.

 

Фото: kstnews.kz