Қашықтан оқыту: оқушылар қажет құралдармен қамтамасыз етіледі

Қашықтан оқыту: оқушылар қажет құралдармен қамтамасыз етіледі

Қашықтан оқыту жүйесіне көшу үшін техникалық мүмкіндіктері жоқ оқушылар мен мұғалімдерге 80 мың компьютер сатып алынады. Бұған қоса оқу мекемелерінің қорындағы компьютерлер уақытша пайдалануға беріледі. Ал техникалық мүмкіндігі барлар жергілікті әкімдіктердің көмегімен интернет желісіне қосылады. Бұл жөнінде білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов арнайы брифинг барысында мәлімдеді.

Сондай-ақ министр қашықтан оқыту 4 бағыт бойынша жүргізілетінін айтты. 4-ші тоқсанды қамту үшін теледидар арқылы 3360 сабақ беріледі. Сондай-ақ бұл іске «Қазақ радиосы» да қосылатын болды. Ғаламтор желісі жоқтарға тапсырма пошта арқылы жеткізіледі. Мұның бәрі интернет арқылы оқытудың сандық тұғырнамалары негізінде жүзеге асады.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:

 - Бірнеше интернет платформалары бойынша біз сабақтарды тиісті цифрлық ресурстарда дайындап болдық. Ең бастысы біздің ұстаздарымыздың осы сандық тұғырнамаларды дұрыс пайдалана білу мәселесіне де үлкен көңіл бөлудеміз. Сондықтан әр мектепте, әр колледжде, әр ЖОО барлық білім бөлімдері мен басқармалары осы жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ министр шалғайдағы ауылдардағы шағын жинақты мектептерде карантиндік шаралар қабылданатын болса дәстүрлі форматта оқи беретінін айтты. Бірақ сабақтар отыз минутқа дейін қысқарып, оқу екі ауысымда жүргізіледі.

 

Фото: en.islcollective.com