Карантинді бұзғандар үшін қандай жаза қолданылады?

Карантинді бұзғандар үшін қандай жаза қолданылады?

COVID-19 пандемиясымен күресудің ең тиімді тәсілі – карантин, дейді мамандар. Осыған орай бүгінгі таңда барлық елдер режимді бұзушылармен күресу шараларын күшейтуде.

Мысалы, АҚШ-тың 27 штатында аса қажеттілік тумаса, үйден шығуға тыйым салынған.

Сондай-ақ Қытайдан, Ираннан және ЕО-дан оралған америкалықтар медициналық тексерістен өтіп, карантин режимін сақтауы тиіс. Бұл шараларды бұзғандарға 100 мың долларға дейін айыппұл салынады. Немесе бір жылға дейін абақтыға қамалуы әбден мүмкін.

Ал Қытайда коронавирус жұқтырған адам өз диагнозын біле тұра қоғамдық орындарға баруды жалғастырғаны үшін өлім жазасына кесіледі. Жалпы, билік COVID-19 індеті тіркелгеннен бері қылмыстың 21 түрін анықтады.

Италияда карантинді бұзғандарға 400-ден 3000 евроға дейін айыппұл қарастырылған. Қауіпті вирусты жұқтырған азаматтың оқшаулану режимін сақтамағаны үшін бір жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырады.

Германияда арнайы режимді бұзған азаматтарға 5000 евроға дейін айыппұл салынады, ал егер заңды қайта бұзса, 6 айға дейін бас бостандығынан айырылады.

Үндістанда айыппұл көлемі әр аймақта әртүрлі. Мәселен, Кералада карантин кезеңінде инфекцияны жасырып, оның таралуына жол бергені үшін 133 доллар айыппұл және аурудан толық айыққаннан кейін 3 жылға түрмеге жабылады. Сонымен бірге полиция қызметкерлері заң бұзушыларды таяқпен ұруға құқығы бар.

Ал, Ресей Федерациясында қазіргі уақытта карантинді сақтамағандарға айыппұл көлемі талқылануда. Вирусты жұқтырып адам қайтыс болған жағдайда, кінәлі адамға айыппұл 150-300 мың рубль, шенеуніктер үшін 300-500 мың рубль деңгейінде болуы мүмкін.

 

Фото: biletik.aero