Нұр-Сұлтан қаласында шектеу шаралары күшейтілді

Нұр-Сұлтан қаласында шектеу шаралары күшейтілді

Елордада ағымдағы жылдың 30 наурызы мен 6 сәуірі аралығында қала ішінде адамдар мен жеке көліктердің қозғалысына шектеу қойылады. Келесі жағдайларда ғана тұрғындардың қозғалысына рұқсат етіледі:  

- жұмыс орнынан анықтама немесе қызметтік куәлік болған жағдайда тұрғылықты жерінен жұмыс орнына және кері қарай қатынау; 

- азық-түлік өнімдерін, дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тұрғылықты жері немесе жұмыс орны жақын орналасқан дүкендер мен дәріханалардан сатып алу; 

- төтенше жағдайда медициналық мекемеге бару; 

-үй жануарларын тұрғылықты жеріне жақын жерде серуендету;

- көпқабатты үйлерде орналасқан азық-түлік дүкендері жұмыс уақыты 10:00-нан 20:00-ға дейін белгіленуі тиіс.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті төтенше жағдай және карантин кезеңі үшін белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда тиісті әкімшілік шараларды қолданады. Азаматтардың қоғамдық орындарда, саябақтарда серуендеуіне жол бермеу мақсатында шектеулерге сәйкес патрульдеу жұмысы ұйымдастырылды.

Сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Ақмола облысы Целиноград және Аршалы аудандары әкімдіктерімен бірлесіп қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жүк көліктерінің қозғалысын ұйымдастыруы тиіс.

Еске салсақ, Нұр-Сұлтан қаласында карантин режимі 19 наурызда енгізілген.

 

Фото: ehonews.kz