Қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді онлайн пайдалануды жиілеткен

Қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді онлайн пайдалануды жиілеткен

Қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді онлайн пайдалануды жиілеткен. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, 21-24 наурыз аралығында қазақстандықтар 136 мыңнан астам мемлекеттік қызметті онлайн алды.

«Электрондық үкіметтің egov.kz порталында ел аумағында жылжымайтын мүлік объектілерін анықтау және жылжымайтын мүлкінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама ең көп сұранысқа ие болды. 4 күн ішінде қазақстандықтар алған қызметтердің 21 мыңнан астамы аталған анықтамалардың еншісінде», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, зейнетақы жинақтарының жай-күйі, соттылығының жоқтығы туралы, наркологиялық және психоневрологиялық ұйымдардан берілетін анықтамалар да жиі сұралады.

«Қазақстандықтар eGov mobile қосымшасын да белсенді пайдалануда. Демалыс күндері  AppStore, PlayMarket арқылы қосымша 14 мыңнан аса рет жүктелген. Осы қосымшаның көмегімен өткен 4 күн ішінде азаматтар 67 мыңға жуық мемлекеттік қызмет алған», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Бүгінде  мемлекеттік қызметтердің 80% онлайн қолжетімді. Оларды азаматтар электрондық үкіметтің egov.kz сайты, eGov mobile қосымшасы, Telegram-дағы egovkzbot2.0 арнасы, Facebook және ВКонтакте әлеуметтік желілері арқылы ала алады.

 

Фото: kt.kz