Мәжіліс төрағасы: Президент тапсырмалары қоғамның барлық салаларын қамтиды

Мәжіліс төрағасы: Президент тапсырмалары қоғамның барлық салаларын қамтиды

Төтенше жағдайдың алдын алу қамында президент жүктеген тапсырмалар қоғамның барлық салаларын қамтиды. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында  төменгі палата төрағасы, «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин осылай деп мәлімдеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, елімізде коронавирустың таралуына қарсы кешенді шаралар іске асырылып жатыр, деді ол.

«Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы жоспарды қаржыландырудың жолдарын, тетіктерін және қаржыландыру көздерін айқындады. Енді барлық мемлекеттік аппараттың міндеті – министрден бастап маманға дейін белгіленген мақсаттарға жету үшін нақты және үйлесімді жұмыстарды атқару. Жергілікті деңгейде салықтық преференциялар мен қолдауды қоспағанда, дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы пакеті 4,4 трлн теңге немесе 10 млрд долларды құрайды. Осылайша, Президенттің тапсырмалары Қазақстан қоғамы өмірінің барлық салаларын қамтып отыр. Басты назар әлеуметтік тұрақтылыққа аударылады», - деді Н. Нығматулин.

Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы, «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі фракция депутаттарының атынан төтенше жағдай орын алған кезде ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етіп, коронавирустың таралуына қарсы әрекет ету үшін қабылданатын шараларға қолдау білдірді.

«Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясының Фракциясы елдің дағдарыстан кейінгі даму жоспарын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Бұл үшін қажетті заңнамалық жаңалықтардың барлығы «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері - депутаттар қызметінің негізгі бағыттарының бірі болады», - деді Мәжіліс төрағасы.

 

Фото: informburo.kz