Қазақстан азаматтары шет мемлекеттерден елге оралып жатыр

Қазақстан азаматтары шет мемлекеттерден елге оралып жатыр

Қазақстанның 33 азаматы Сауд Арабиясынан елге оралды. Олар еліміздің Қорғаныс министрлігінің арнайы бортымен Джидда қаласынан Ақтауға жеткізілді. Бұл азаматтар Корольдіктің аумағында COVID-19 вирусының таралуына қарсы еңгізілген шектеу шараларының аясында халықаралық әуе, жерүсті және теңіз қатынастарына толық тыйым салу салдарынан елден шыға алмай қалған. Қазақстанға оралысымен отандастарымыз карантинге жатқызылды. Олар алдағы 2 апта бойы мамандардың қарауында болады.

Сондай-ақ Түркиядан 335 қазақстандық оралды. Олар Алматы және Ақтау әуежайларына жеткізілді. Бұл азаматтардың қатарында студенттер мен өзге елдерден транзитпен келген жолаушылар бар. 

ӘЛИ ЖӘКЕЖАНОВ, СТУДЕНТ:

 - Біз транзиттік рейспен Стамбулдан Алматыға ұшып шығуымыз керек еді. Алайда коронавирусқа қатысты жағдайға байланысты біз өзіміздің рейсімізге жете алмай, Стамбулдың әуежайын паналап қалуға мәжбүр болдық. Дегенмен Стамбулдағы Қазақстанның бас консулдығының көмегімен Түркияның аумағына ендік.

200-ден астам қазақстандық Польшадан елге аман-есен оралды. Олар Варшавадан арнайы чартерлік рейспен жетті. Барлығы – 207 жолаушы. Басым бөлігі – Еуропада оқитын студенттер. Тағы 55 отандасымыз жақында АҚШ-тан оралады. Олар – халықаралық әуе рейстерінің және шетелдіктер үшін транзиттік аймақтардың жабылуына орай елге қайта алмай қалғандар. Енді олар Нью-Йорктен Мәскеу арқылы транзитпен жеткізілетін болады.

Сондай-ақ отандық әуе компаниялары Ресей, Түркия, Грузия, Ұлыбритания, Малайзия, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері және Нидерландыдан елге қайтқысы келетін азаматтарды тасымалдауға дайын екендіктерін жеткізді.

Айта-кетейік, қазақстандықтардың отанына оралу шараларын Сыртқы істер министрлігінің арнайы жедел штабы қолға алып отыр.

 

Фото: profi.travel