Токиодағы Олимпиада 2021 жылы өткізіледі

Токиодағы Олимпиада 2021 жылы өткізіледі

Халықаралық Олимпиада комитеті Токиодағы Олимпиада және Паралимпиада ойындары коронавирус пандемиясына байланысты 2021 жылға қалдырылатыны туралы мәлімдеді. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Токиодағы Ойындар биыл 24 шілде мен 9 тамыз аралығында, Паралимпиада 25 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтуі тиіс болатын. Жапонияның Премьер-министрі Синдзо Абэ және ХОК президенті Томас Бах телефон арқылы келіссөз жүргізген. Оның барысында Жапония үкіметінің басшысы Токиодағы Олимпиаданы 2021 жылға қалдыруды ұсынған.

«Қазіргі жағдайды және ДДСҰ ұсынған мәліметті негізге ала отырып, ХОК президенті және Жапонияның премьер-министрі Токиодағы Олимпиаданы 2020 жылдан кейінгі мерзімге, бірақ спортшылардың денсаулығын қамтамасыз ету үшін 2021 жылдың жазынан кеш емес уақытқа шегеру қажеттігі туралы қорытындыға келді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар Олимпиада алауы Жапонияда қалатыны туралы шешім қабылданды. Ал жарыстың Токио 2020 атауы өзгертілмейді.

Еске салсақ, адамзат тарихында төртінші рет Олимпиада ойындары жоспарланған мерзімде өткізілмейді. Алайда алғаш рет ойындар кейінге қалдырылды. Бұған дейін жарыс Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар кезінде өткізілмеген.

 

Фото: wrestlingua.com