Қазақстан өңірлері коронавирустың таралуына тосқауыл қою шараларын күшейтті

Қазақстан өңірлері коронавирустың таралуына тосқауыл қою шараларын күшейтті

Қазақстан өңірлері коронавирустың таралуына тосқауыл қою шараларын күшейтті. Қарағанды облысына кіреберістегі жолдарға санитарлық бекеттер қойылды. Олар тәулік бойы жұмыс істейді. Аймаққа келген әрбір жолаушы мұқият тексеріледі. Қаладағы қоғамдық орындар, вокзал маңы, балалар алаңқайы жаппай дезинфекциялана бастады. Қазіргі кезде Қарағандыда COVID-19 жұқтырғандар жоқ. 113 адам карантинге орналастырылды. Үй карантинінде 39 адам отыр.

Коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында мемлекеттік мекемелер мен компаниялар жұмыстарын онлайн режимге көшірілді. Ақмола облысының дәрігерлері науқастарға онлайн кеңес беру жұмысын ұйымдастырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, бұл облыс орталығындағы білікті мамандарға аудан-ауылдардан келетін тұрғындар үшін жасалып отыр. Қазір Ақмола облысында қауіпті вирусқа байланысты жағдай бірқалыпты. Стационарлық карантинде қазір 31 адам бар. Олардың 16-сында ауру белгілері анықталған жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысының соты барлық істерді қашықтықтан қарайтын болды. Төтенше жағдайға байланысты азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдауға шектеу қойылды. Кейбір процестер мүлдем кейінге шегерілді.

ГҮЛЗИЯ ЕДРІСОВА, ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ СУДЬЯСЫ:

- Бұдан бөлек, біз барлық іссапар, семинар, конференция, тағылымдамадан өту шараларын кейінге қалдырдық. Жылжымалы сот отырыстарына тыйым салынды. Қазір бәрі біз бен сізге байланысты. Сондықтан бұл жағдайға түсіністікпен қарайық.

Ақтөбе облысының кәсіпорындары мен компаниялары да жаңа жұмыс тәртібіне көшті. Қазіргі кезде қашықтан еңбек ететіндер саны күрт артты. Бірақ жоспарланған өндіріс көлемін орындау бақылауда болмақ. Бизнеске қолдау көрсетіледі.

ҚАЙРАТ БЕКЕНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Мысалы орта бизнесті алатын болсақ, 360 млн теңгеге дейін несие алатын болса, 85%-ке дейін кепілдік берілуде және барлық бағдарламалар бойынша қарапайым экономика бағдарламасы немесе Жол картасы аясында 6%-ке дейін несие берілуде. Бұл жаңа қолдау тетігі және салық жағынан қолдау да бар.

Фото: time.kz