Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында коронавирусты анықтауға болатын бекеттер құрылады

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында коронавирусты анықтауға болатын бекеттер құрылады

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының тұрғындары үшін коронавирусты анықтауға болатын мобильді бекеттер ұйымдастырылады. Бұл үшін және еліміздің ірі шаһарларын 600 мың экспресс-тестпен қамтуға Болат Өтемұратов қоры 200 млн теңге қаржы бөліп отыр. Талдау жүргізетін мобильді бекеттер Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен құрылады. Қор өкілдерінің хабарлауынша, тест жүйелер Еуропалық одақ аумағында сертификаттаудан өткен және ол адамның бойында инфекцияның бар-жоғын 90 пайыз ықтималдылықпен анықтайды. Ал мобильді пунктер адамдар көп жүретін орындар – дәріханалар, супермаркеттер, қоғамдық көлік аялдамалары, теміржол вокзалдарында жұмыс істейді. Айта кетейік, мұндай тәжірибе Оңтүстік Кореяда, АҚШ-та және Еуропаның кейбір елдерінде қолданылған.

МАРАТ АЙТМАҒАМБЕТОВ, БОЛАТ ӨТЕМҰРАТОВ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бұл тесттер Қытай Халық Республикасында Гуанчжоу қаласында шығарылған. Қазіргі уақытта логистика мәселесі шешіліп жатыр. Алдағы бірнеше күнде Қазақстанға әкелеміз деп ойлаймыз. Сынама саусақтан алынады, ал талдаудың нәтижесін 10-15 минуттан кейін білуге болады.

Фото: prm.ua