Қашықтан жұмыс істейтіндердің еңбек ақысы өзгермейді

Қашықтан жұмыс істейтіндердің еңбек ақысы өзгермейді

Қашықтан жұмысқа көшкен кезде еңбек ақы төлеу тәртібі өзгермейді. Бұл жөнінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті. Айта кетейік, қазіргі таңда Президент тапсырмасымен мемлекеттік қызметкерлердің 70 пайызы қашықтан жұмыс жасауға көшірілуде.

«Мемлекеттік емес және басқа да жеке кәсіпорындар мен ұйымдарда осы тәртіпке көшуі қажет. Бұл жағдайда жұмыс тәртібі Еңбек кодексінің 138-ші бабымен реттелетін болады. Мекеме басшысы тиісті бұйрық шығарады. Жалақыны төлеу тәртібі өзгермейді, бұрынғыдай ай сайынғы еңбекақы төленетін болады», деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, төтенше жағдайға қатысты қашықтан жұмысқа көшу мүмкін болмаған жағдайда жұмыс беруші қысқартылған жұмыс күнін белгілеуі тиіс.

«Бұл жағдайда жұмыс беруші аптадағы жұмыс күнінің санын немесе бір жұмыс күні ішіндегі сағатын азайтуына болады. Жұмыс істеген азаматтар жалақыны сол атқарған жұмыс уақытына сәйкес алады» деді министр.

Ал егер енгізілген карантинге байланысты өндіріс немесе мекеме қызметі мәжбүрлі түрде тоқтатылатын болса жұмыс беруші ең төменгі жалақы мөлшерін төлеуі тиіс.

Фото: zakon.kz