ТЖ кезінде заң талаптарына бағынбағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады

ТЖ кезінде заң талаптарына бағынбағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген Төтенше жағдай мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы  карантин режимінде заң талаптарын орындамау қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Бұл туралы еліміздің Бас прокуратурасы хабарлады. 

Мәселен, ТЖ кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген.  Тәртіп бұзушы ҚР ҚК 379-бабына сәйкес 2 мың АЕК айыппұл төлеуі немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Ал карантин кезіндегі әкімшілік жауапқа тарту бойынша 10 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу қарастырылған.

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 90-бабына сәйкес азаматтар медициналық ұйымдардың талап етуі бойынша тексеруден және емделуден өтуге міндетті. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин тұрғындардың және меншік нысанына қарамастан заңды тұлғаларға да қатысты.

«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтардан өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауды, Денсаулық сақтау министрлігі мен ІІМ қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтауды, оларға инфекцияны анықтау мен алдын алуға көмек көрсетуді сұраймыз» делінген хабарламада.

Айта кетейік, кеше еліміздегі ТЖ жағдайын елеместен той жасаған түркістандық тұрғынға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы жергілікті полиция басқармасы хабарлады.

 

Фото: logincasino.com