Маржан Ершудың «Жүрегім» атты жыр кітабы қырғыз тіліне аударылды

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде бауырлас қазақ пен қырғыз халқының арасында әдеби-мәдени байланыс ешқашан үзілген емес. Өткен жылы Қырғызстанда ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың «Жүрегім» атты жыр кітабы қырғыз тіліне аударылған болатын. Таяуда Бішкек қаласындағы Манас және Шыңғыс Айтматов Ұлттық академиясында аталмыш кітаптың тұсаукесері болып өтті. Қырғыз-қазақ ақындарының өзара таныстығы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының  2019 жылы Ош қаласында өткізген ақын-жазушылар фестивалінен басталған екен.

АЛТЫНАЙ ТЕМИРОВА, АҚЫН-АУДАРМАШЫ:

 - Маржанмен Ош қаласында таныстық. Біз сол жерде бір-бірімізге қызығып, бір-біріміздің шығармашылығы жөнінде сұрап, жырымызды оқып, танысып қалдық. Сол жерде бір-бірімізді көтерейік, бір-біріміздің шығармашылығымызды өз елімізге таныстырайық деген ой келді.

Поэзия, проза, драма, сатира жанрында, сондай-ақ аударма саласында айтулы еңбегі бар Маржан Ершудың «Шырақ», «Пырақ», «Ерік Құрманғалиев», «Аламан», «Ораз би» сияқты 15 шақты кітабы жарыққа шыққан. Автордың бұл жыр жинағы өзге тілге тұңғыш рет аударылып отыр.

МАРЖАН ЕРШУ, АҚЫН, АУДАРМАШЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Бұл кітаптың мені қызықтырып отырғаны – ең алғаш 100 тиражбен шыққан екен. Одан кейін тағы да 100 тиражбен, соңында 500 тиражға көбейтілген. Бұл енді оқырмандардың сұранысы және кітаптың өтуіне байланысты болу керек. Сондықтан бұл жаңа әдіс, жаңа тәжірибе мені қуандырды.

Әдеби әрі мәдени шараға Қырғызстан Республикасының халық артисі Саламат Садықова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сәуле Жанпейсова, «Аманат мюзик» ән мектебінің оқушылары, сондай-ақ Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әртістері қатысып, өз өнерлерін көрсетті.

Авторы: Гүлжайнар Сүлейменова

Фото: twitter.com