Абай елдің саяси-құқықтық дамуына үлес қосқан

Абай елдің саяси-құқықтық дамуына үлес қосқан. Дәлелі – «Қарамола ережесі». Құжат 1885 жылдың мамырында сол кездегі Семей губерниясында қабылданған. Ереженің тұжырымдамасын Абай жасаған, дейді ғалымдар.  Қазақ тіліндегі нұсқасы 73 баптан тұрады. Онда ұрлық, төбелес, жер дауы, жесір дауы, әмеңгерлік, мұрагерлікке қатысты тартыстарды шешу, үкім шығару және сот жүргізу тәртібінің ерекшеліктері қарастырылған. Сондай-ақ патша үкіметінің сот билігімен де ұштастырылған.

ЖАМАЛАДЕН ИБРАГИМОВ, Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ЗАҢ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ, ПРОФЕССОР:

 - Сондықтан да ол жердегі нормалар қазақтың әдет-ғұрып нормаларымен бірге, Ресей империясының нормаларымен бірге біріктіріліп жасалған. Ең басты айтатын жайт – Абайдың енгізген тепе-теңдік мәселесі.

1885 жылы қабылданған құжат бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған, дейді мамандар. 

ГҮЛДАНА ШАРАПАТОВА, САРЫАРҚА АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Қазір сырттай іс жүргізу институты бар. Егер жауапкер тиісті түрде хабарландыру алғанына қарамастан, сотқа келмейтін болса, онда біз сырттай өндіріс арқылы шешім шығаруға құқымыз бар. Осы «Қарамола ережесінің» баптарында сырттай өндіріс орын алған.

«Қарамола ережесі» алғаш рет 1886 жылы Қазан университетінің баспаханасында араб әріптерімен басылып шықты. Ғабит Мүсірепов, өмірінің соңғы жылдарында оның бір данасын Қазақстан Орталық мемлекеттік архивіне табыс еткен.

Фото: www.inform.kz