Түркістанда «Этноауыл» бой көтерді

Орта ғасырлық шығыс базары, шеберлер көшесі, көшпенділер ауылы, хан ордасы, көшпенділер асханасы және сарбаздар ауылы. Наурыз мерекесіне орай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанынан «Этноауыл» бой көтерді. Мұнда орта ғасырдан бастап, көшпенділер дәуірі, Қазақ хандығы мен кешегі XIX ғасырға дейінгі қазақ халқының өмір сүру салты мен тұрмыс-тіршілігі толық көрініс тапқан.

Мысалы, шеберлер ауылында темірден түйін түйген ұсталар, ағаштан бұйым жасап, тері илеп, кілем тоқитын ісмерлер отырады. Ал көшпенділер асханасында ұмыт болған ас-ауқат түрлері қайта жаңғыртылып, халыққа ұсынылады.

АЙКО ТӨКЕН, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

-  Мұнда көшпенділер тұтынған тағам түрлерімен танысуға болады. Олар қандай ас ішті? Қалай тамақтанды? Бүгінге дейін ұмыт болған 80-нен аса ас-ауқат түрі көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, көшпенділер асханасының құпиясымен бөлісеміз. Сондықтан барлық қазақстандықтарды наурыз мерекесін Түркістанда қарсы алуға шақырамыз.

Бірегей жоба Наурыз тойына келген қонақтар мен шетелдік саяхатшылар үшін тарихы терең қазақ мәдениетімен толығырақ танысуға мүмкіндік береді.

РАШИД АЮПОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:

-  Жыл сайын бұл жерде этноауыл тігіледі. Жалғыз киіз үй емес, форматын өзгертейік деген ой келген болатын. Этноауылда арнайы актерлар болады. Олар біздің тарихымыз бен мәдениетімізді таныстырады. Бұл жерде 14-ші, 15-ші, 19-шы ғасыр да бар. Мақсатымыз – келген қонақтарға, тұрғындарға сол замандағы өмірді көрсету арқылы туристерді тарту.

Меймандар наурыз күндері көне ғасыр кейпіндегі саз балшықтан тұрғызылған үйлерді аралап, ағаштан құрастырылған қоршаулар мен мұнараларды өз көздерімен тамашалай алады. Құрылыс нысандары тарихи талаптар бойынша жүргізіліп жатыр. Өткен мыңжылдықтан сыр шертетін Қазақ ауылы 15 наурызда ашылады деп жоспарланған.

Фото: www.inform.kz