«Хабар» Агенттігінің ұжымы қарттарға сый-құрмет көрсетті

«Хабар» Агенттігінің ұжымы Елордадағы қарттар үйінің аруларын мерекемен құттықтады. Халықаралық әйелдер күніне орай тележүргізушілер, операторлар, редакторлар, журналистер өз өнерлерін ортаға салып, қарттарға сый-құрмет көрсетті.

«Хабар» Агенттігі басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев телеарнаның басты көрермені нәзік жандылар екенін атап өтті. Бағдарламалар әзірлеу барысында шығармашылық команда солардың қызығушылықтарын ескереді. Ал бүгін олар студияда емес, сахнада еңбек етті. 

РИНАТ КЕРТАЕВ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біздің қоғамның басым бөлігі болып саналатын нәзік жандылар үшін осындай мереке ұйымдастыру – біз үшін үлкен жауапкершілік. Біздің қарапайым қызметкерлер, журналистер, редакторлар, операторлар, техникалық дирекцияның жігіттері бүгін әжелерімізге арнап концерт дайындады. Бізді эстрада жұлдыздары қолдап, осындай керемет концерт ұйымдастырып жатырмыз.

Фото: khabar.kz