Kazakh TV арнасының көктемгі маусымы басталды

Kazakh TV арнасының көктемгі маусымы басталды. Халықаралық жерсеріктік арна көрермендеріне жаңа теле өнімдерінің кезекті топтамасын ұсынады. Бұл жолы да дәстүрге сай тосын сыйлар күтіп тұр. Көпшілік назарына құпияға толы жұмбақтардың сыры ашылатын болады. Әдеттегідей, көрермендер авторлық мәдени-танымдық бағдарламалар мен деректі жобалардың куәгері атанады. Олардың біршамасы жылдың басты тақырыптары: Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналады. Бұл «Дала сөзі», «Reflection on history», «Біздің Жеңіс» және «Отандастар» атты жобалар.

МАЙЯ БЕКБАЕВА, «KAZAKH TV» АРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - «Дала сөзі» - бұл еліміздің аса танымал тұлғалары: мәдениет, театр, кино саласының майталмандары мен  эстрада жұлдыздарының Абай Құнанбаевтың өлеңдерін оқу жобасы. Биылғы жаңа маусым барысында жүзеге асырылатын «Reflection on history» теле бағдарламалар топтамасы толықтай Абайға арналатын болады. Онда Ұлы тұлғаның өнегелі өмірі мен шығармашылығы, жеке хаттары, қазақтың зиялы қауымының құрылуына қосқан еңбегі мен әсері барынша қамтылады. Ал «Отандастар» жобасы әлемнің жер-жерінен тарихи отанына оралған қандастарымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жетістіктері және еліміздің дамуына қосқан үлестері жөнінде баяндайды. «Біздің Жеңіс» жобасында бүгінгі таңда көзі тірі ардагерлер өздерінің майдандағы естеліктерімен бөлісетін болады. Ол – назар аударуға тұрарлық жаңа маусымдағы ерекше бастамалардың бірі. 

Фото: informburo.kz