Коронавирус: Қазақстанда жоспарланған халықаралық спорт жарыстары өткізілмейді

Коронавирус: Қазақстанда жоспарланған халықаралық спорт жарыстары өткізілмейді

Қазақстанда жоспарланған ірі халықаралық жарыстар өткізілмейді. Ел үкіметі осындай шешім қабылдады. Бұған әлем бойынша коронавирус індетінің таралуы себеп болуда. Спорттық карантин кем дегенде мамыр айына дейін жалғасады. Бұл қазіргі кезде шет мемлекеттерде біріншіліктерде бағын сынап жүрген спортшыларға қатысты емес. Ал елге оралған соң олар медициналық тексеруден өткізіледі.

РАУХАН ТҰҒЫМБАЕВА, ҚР МСМ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

 - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі әлемде коронавирус індетінің таралуына байланысты 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда шет мемлекеттердің азаматтарының қатысуымен өтетін халықаралық жарыстарды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар коронавирус ауруы тіркелген мемлекеттерге спорт түрлері бойынша спортшыларды жібермеуге және коронавирусты жұқтырудың алдын алу мақсатында өзге елдерге сапар жасамауға кеңес береді.  

Ал теннисшілер бұл өкім шыққанға дейін келгендіктен, Дэвис кубогы жоспар бойынша өтеді. Бірақ көрермендер саны аз болуы мүмкін, дейді Теннис федерациясының өкілдері.

Еске сала кетейік, елордалық Білім басқармасы балалардың қатысуымен өтетін шараларға шектеу енгізуді ұсынған болатын. Сонымен қатар отандық университеттер де қашықтықтан оқытуға ауысуы мүмкін.

СЕРГЕЙ ПЕН, М.С.НАРЫҚБАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗГЗУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОВОСТЫ:

 - Біз толықтай онлайн-форматқа көшуге және қашықтықтан оқытуға дайынбыз. Неге? Себебі біз үш жылдан бері арнайы платформаны қолданып келеміз. Сондықтан онлайн форматта оқыту талқыға салынатын болады.

Фото: vrk.news