Нұр-Сұлтан қаласында туризмді дамыту

Жақсыны көрмекке. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласына миллионға тартта турист келді. Оның үштен бірін шетелдік саяғатшылар құраған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 14 пайызға арттық. Бас шаһардың бүгінгі кейпін тамашалауға ниет танытқандардың арасында Қытай, Ресей, ТМД елдері азаматтарының қатары басым. Елордада сырттан келген меймандар демалысын тиімді өткізу үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Қалауына сай жаңадан құрылған 15 туристік бағыттың кез келгенін таңдап, экскурсиялық автобустар, мобильді қосымшалар мен ақпараттық дүңгіршіктердің қызметін барынша игіліктеріне жарата алады. 

ҒАЛЫМЖАН ҚАРИМОВ, НҰР-СҰЛТАН Қ. ӘКІМДІГІНІҢ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Бізге келетін туристер үшін арнайы «City pass» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл – туристерге арналған карточка. Ол бірқатар нысанға кіріп, аралап шығуға мүмкіндік береді. Red Bus туристік автобустарының бағытындағы 128 көрнекті нысан мен ғимаратқа есік ашады. Жалпы «City pass» картасының екі түрі бар. Оның бірі – 24, келесісі 72 сағатқа арналған. Сондай-ақ izi.travel қосымшасы арқылы жаяу жүргіншілер бағытын таңдауға болады. Ол оффлайн режимінде жұмыс істейді. Және оның 30-ға тарта әлем тілінде жазылған аудио экскурсиясы бар.

Жалпы биыл да Нұр-Сұлтан қаласында әдеттегідей туризімнің іскерлік, қалалық және медициналық бағыттарын белсенді түрде дамыту жоспарланып отыр. 

ҒАЛЫМЖАН ҚАРИМОВ, НҰР-СҰЛТАН Қ. ӘКІМДІГІНІҢ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

-  Бізде қазіргі таңда медициналық туризм қарқынды түрде дамып келеді. Қаламыздағы ауруханалар жақсы жарақтандырылған. Шетелдегі дамыған емханаларынан еш кем түспейді. Қазақстанда жеті медициналық мекеме джей-си-ай аккредитациясынан өтті. Оның алтауы – Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Медициналық бағытта келген туристерді, сондай-ақ біздегі қызмет түрлерінің құны қызықтырады. Бағасы арзанырақ болса да, сапасы жоғары. Озық үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтылған.

Сарапшылардың пайымынша, Қазақстанның бас шаһарының туристік әлеуеті толықтай ашылмаған. Ол үшін жасалып жатқан алғышарттар баршылық. Елорданың қонақүйлері 3 млн туристті қабылдай алады.

Бұған қоса Нұр-Сұлтан қаласында 80-нен астам хостел жұмыс жасайды. Олардың барлығы еуропалық стандарттарға сай қызмет көрсетеді. Саяхатшылар үшін таңдау бар.             

ТІЛЕУЖАН ӨМІРҰЗАК, ТУРИСТ:

 - Бұл қала іскерлік орта қауымы үшін аса тартымды. Бизнес бойынша жиі келіп тұрамын. Сондай-ақ отбасыммен жылда әр жазда осында болуға тырысамыз. Елорда жыл сайын көркейіп, гүлденіп жатыр. Көрікті нысандардың қатары артуда. Түрлі деңгейдегі спорттық-мәдени іс шаралар ұйымдастырылады. Іскерлік сапардың өзі демалысқа ұласады. Сауда орталықтары көбейген. Сондай-ақ мәдени ошақтар, театрларға барып жақсы демалуға болады.

Мамандардың айтуынша, осы бағыттарды дамыту арқылы саяхатшылардың ағынын еселеп, Нұр-Сұлтан қаласының аймақтық, кейін әлемдік деңгейде  туристік имеджін арттыру көзделіп отыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: 365info.kz