Нұр-Сұлтанда үнді тоқымасының көрмесі өтеді

Үндістанның бір бөлшегі Нұр-Сұлтанда. Қазақстанның Ұлттық музейінде дәстүрлі үнді тоқымасының көрмесі өтеді. Шара Махатма Гандидің 150 жылдығына арналмақ. Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына Үндістанның ұлттық киімі – саридің 30-дан астам түрі ұсынылады. Олардың әрқайсысы елдің әр аймағының мәдениеті мен дәстүрін көрсетеді. Көрменің өзі бұған дейін елордада күзде таныстырылған экспозицияның жалғасы болмақ. Сол кездегідей іс-шара аясында шеберлердің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келетін және Үндістанда бүгінгі күнге дейін ұқыпты сақталған дәстүрлі тоқыманың құпияларын ашатын шеберлік сабақтарының топтамасы өтеді. Шара Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстандағы Үндістан елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

ПРАБХАТ КУМАР, ҮНДІСТАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Мен сіздерді Сари көрмесін тамашалуға шақырамын. Ол Ұлттық музейде 3-15 наурыз аралығында өтеді. Сонымен қатар барлық әйелдер қауымын келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтағым келеді, өйткені бұл көрме Халықаралық әйелдер күніне арналады. Сондай-ақ 10 наурызда Холи фестивалі өтеді. Бұл – үнді бояуының фестивалі. Көрмеде үнді сарилерінің түр-түрі ұсынылады. Сондықтан ежелгі үнді мәдениетімен танысуға келіңіздер.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: elorda.info