Елімізде су тасқынын болдырмау үшін алдын ала шаралар орындалды

Биыл елімізде көктем өткен жылмен салыстырғанда 2-3 аптаға ерте шығады. Күн жылынуымен қатар келетін су басу қаупіне орай тиісті қызметтер дайындықты күшейтті. Бұл туралы Үкімет үйі қабырғасында өткен арнайы брифингте ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді.

Сондай-ақ ол бас шаһарда, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жағдайдың қиындау қаупі барын атап өтті. Жергілікті атқарушы органдар елдімекендерден 8,8 млн текше метрден аса қар шығарған. Сонымен қатар инертті материалдар, құм салынған қаптар мен жарылғыштар қоры әзір тұр. Ал су басу жағдайы бола қалса, эвакуацияланатын халықты қабылдайтын 1707 бекет әзірленіп, маршруттар жаңартылып, қажетті көлік бөлінген. Сала басшысының орынбасары төтенше жағдай орын алған сәтте сақтық шаралары мен қажет заттар тізімін де атап өтті.

ЮРИЙ ИЛЬИН, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз атап көрсетіп отырған болжам ол 1 ақпандағы жағдай бойынша жасалған. Осы болжамға сүйене отырып, біз халық үшін белгілі бір қауіп төндіруі мүмкін учаскелерді анықтадық. Бұл 600-ден астам елдімекен, онда көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайдың туындау қаупі жоғары. Бұл ақпаратты менің әріптестерім Қазгидромед 1 наурызда толықтыратын болады. Ал біз тиісінде, сол мәліметтерге сай әрі қарай өз жұмысымызды жалғастыратын боламыз. Сондай-ақ егер су басу қаупі орын алған жағдайда біз әрдайым өз азаматтығыңызды растайтын құжат пен эвакуация кезінде керекті деген заттарды бірге алуға кеңес береміз.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: inbusiness.kz