Bek Air-ден зардап шеккен жолаушыларға мемлекет тарапынан өтемақы толық төленді

Bek Air-ден зардап шеккен жолаушыларға мемлекет тарапынан өтемақы толық төленді

Bek Air әуе компаниясының ұшақ апатынан зардап шеккен 52 азаматқа мемлекет тарапынан өтемақы толық төленді. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев мәлімдеді.

ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

– Бүгінде зардап шеккен 52 азаматқа мемлекет тарапынан төлемдер жасалды. Олар өздеріне тиесілі қаражатқа ие болды. Ал қазіргі таңда сақтандыру бойынша төлемдерді жүргізу жоспарлануда. Сақтандыруға қатысты толығырақ тоқталар болсам, бұл ең әуелі тиісті құжаттарды жинауына байланысты берілетін болады. Барлық құжаттар жиналған соң, сақтандыру компаниясы толықтай қажетті соманы төлеп беруге міндетті. Біз өз кезегімізде бұл мәселені бақылауда ұстайтын боламыз.

Бұдан бұрын Bek Air қыркүйек-қазан айларында қайта іске қосылуы мүмкін деген ақпарат таралған болатын. Бұл қауесетке қатысты түсініктіме берген комитет төрағасының айтуынша, соңғы шешім Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің құзырында.  

ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Қазіргі уақытта Bek Air инспекциялық тексеру іс жүзінде толық аяқталды. Белгіленген рәсімдерге сәйкес, компанияның жаңадан жоспар қалыптастыруға және іс әрекеттерін түзетуге құқығы бар. Яғни егер айтылған ескертулерге түзетулер енгізіліп, ол қанағаттанарлықтай болса, онда әуе компаниясының жарты жыл ішінде қайта жұмыс бастауға мүмкіндігі бар. Ал егер де жарты жыл ішінде көрсетілген ескертулер жүзеге аспаса, онда кері қайтару процесі іске қосылады. Осы жерде нақтылап өткім келеді, ескертулерге түзетулер енгізу барысында компанияның қызмет етуге еш құқы жоқ.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: neonomad.kz