Нұр-Сұлтанда «Әл-Фараби және қазіргі қазақ философиясы» республикалық форумы өтті

Әл-Фарабидің артында қалдырған ілімін тәлім-тәрбиенің 3 кезеңі деп қарауға болады. Елордада өткен «Әл-Фараби және қазіргі қазақ философиясы» атты форумда ғалым Сұлтан Жайық Исаұлы осындай тың идея тастады. Ойшылдың еңбектеріне сүйенген ғалымның айтуынша, бұл ең алдымен отбасы ошақ қасындағы тәрбие, одан кейін ұлт деңгейіндегі тәрбие болса, соңғысы ғалам деңгейіндегі тәлім.

Ұлы ойшылдың 1150 жылдығына арналған шараға Қарағанды, Павлодар, Орал, Ақтөбе, Ақтау және Қызылорда қалаларынан ғалымдар, студенттер мен магистрлер арнайы келген. Олардың әрқайсысы Шығыстың Аристотелі атанған тұлғаның жан-жақтылығына тоқталып, оның жастарға берер ғибратын тілге тиек етті.

СҰЛТАН ЖАЙЫҚ ИСАҰЛЫ, «ОРТА БІЛІМ БЕРУДІ ЖАҢҒЫРТУ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Әл-Фараби өзінің «Қайырлы қала тұрғындары» атты еңбегінде жалпы адамзатқа ортақ, сол заман үшін де, қазіргі күнде де өзінің өзектілігін жоғалтпаған мәселелерді атап өткен. Жалпы адамдардың өзара қарым-қатынасы, адамгершілік мәселесі, сыйластық. Бұл – қай заманда да өзекті және өміріміздің тұрақтылығын әрі қарай мына ұрпағымыздың дұрыс бағытта дамуы үшін бір жақсы бағыт-бағдар беретін еңбек.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: 24smi.org