Орынбай Жанайдаровтың «Абай. Өлеңдер мен поэмалар» атты кітабы жарық көрді

«Абай. Өлеңдер мен поэмалар». Елордада осындай атаумен жарық көрген Орынбай Жанайдаровтың ұзақ жылғы еңбегі көпшілікке таныстырылды. Онда орыс тіліне аударылған Ұлы ақынның жүздеген поэзиялық туындысы еніп отыр. Еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Абайдың шығармашылығын зерттеуге 40 жыл уақытын сарп еткенін айтады. Ғұлама ойшылдың әлеміне бой бұрмас бұрын аудармашылық шеберлігін шыңдап алыпты. Орынбай Жанайдаров XV-XVIII ғасырлар жырауларының туындыларын түпнұсқадан тәржімалаған.     

ОРЫНБАЙ ЖАНАЙДАРОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, КІТАП АВТОРЫ:

 - Мен екі тілді бірдей білгендіктен аударған мәтіндерім түпнұсқаға барынша жақын. Бүгінгі таңда бізге белгілі Ұлы тұлғаның алғашқы өлеңінен соңғы жырына дейін бірін қалтырмай аударуға тырыстым. Онда кезінде Мұхтар Омарханұлы Әуезов бастап, кейін 1961 жылы жарық көрген «Абай өлеңдері мен поэмаларының толық жинағы» да барынша қамтылған. Сапалы болу үшін жылына тек екі-үш өлеңін аударып отырдым. 

Бұл – Орынбай Жанайдаровтың қалам тербеген 60-шы еңбегі. Ол, сондай-ақ көне түркі аңыздары, поэзиясы және еліміздің ежелгі тарихы тақырыбындағы танымал басылымдардың авторы атанды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: adebiportal.kz