Қазақстанда 50 бағытта ғарыштық мониторинг жүргізіледі

Жерді қашықтықтан зонттау жүйесі бойынша елімізде 50 бағытта ғарыштық мониторинг жүргізіледі. Мемлекеттік шекара, егіс алқаптары, жайылымдар,  жер телімдерін саралап, орманды тілсіз жаудан дер кезінде қорғап, өрттің алдын алу және заңсыз ағаш кесу фактілерін әшкерелеу қамында жерсеріктік бақылау жасалады. Өткен жылы осы деректердің негізінде еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің цифрлық картасы шығарылды. Нәтижесінде 35 млн гектардан астам егістік алқап сандық жүйеге келтірілді.

БАУБЕК ОРАЛМАҒАМБЕТОВ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРЛІГІНІҢ АЭРОҒАРЫШ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Цифрландыру үрдісіне ең алдымен біздің жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесі белсенді түрде ат салысып келеді. Ол бір метр қашықтықты анық көруге мүмкіндік беретін үш жерсеріктен құралған. 2019 жылы біз 32 салалық бағытта қызмет көрсеттік. Бірінші, кезекте ол тиімсіз пайдаланатын жерлерді анықтау.  Пайдаланылмайтын жерлерге жүргізген жерсеріктік мониторингтің арқасында кадастрлық құны 145 млрд теңгені құраған жерлер мемлекеттің қорына қайтарылды.

Сондай-ақ ғарыштық жоғары технологияны қолдану арқылы жыл сайын қатты тұрмыстық және өндірістік қалдықтар бойынша деректер келтіріледі. Осының негізінде қоқыс орындарын жою бойынша ғылыми зерттеулер қолға алынған. 

БАУБЕК ОРАЛМАҒАМБЕТОВ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРЛІГІНІҢ АЭРОҒАРЫШ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Біз тек ғарыштық суреттер жібермейміз. Өңделіп, сараланған деректермен қамтамасыз етеміз. Мәселен, қатты тұрмыстық қалдықтар бойынша 17 ірі қалалардың айналасынан 9 мың заңсыз қоқыс орнын анықтадық. Бұл инспекторлардың жұмысын жақсарта түсті. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: rg.ru