«Химиялық заттарды реттеу, Қазақстан әлеуетін нығайту» пилоттық жобасы іске қосылды

Қазақстанда химиялық заттарды ұтымды реттеу жүйесі жолға қойылмақ. Осы мақсатта БҰҰ-ның Даму бағдарламасы «Химиялық заттарды реттеу, Қазақстан әлеуетін нығайту» атты жобаны іске қосты. 2019 жылдан бастап қолға алынған жоба үш бағытта жұмыс істейді. Оның біріншісі – министр, вице-министрлер және сала басшыларын халықаралық үздік тәжірибені негізге ала отырып оқыту, екіншісі – ҚР Экологиялық кодексінің Парламентте талқылауына алынған химиялық қалдықтарды өңдеу және дұрыс пайдалану туралы бапты талқылауға атсалысу.

Сондай-ақ химиялық заттармен жұмыс істеу барысында ең үздік технологияларды пайдалану үшін алаңдар таңдалмақ. Жобаны әзірлеуші мамандардың айтуынша, бағдарлама Қазақстанда 2 жыл көлемінде іске асырылады және оның жүзеге асырылуы үшін 300 мың доллар көлемінде қаражат бөлінген.

АРМАН ҚАШҚЫНБЕКОВ, ҚР БҰҰДБ УРБАНИЗАЦИЯ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Әуелі химиялық заттарды қалай басқаруға және одан не істеуге болатынын түсіну керек. Сондықтан да жобаны бірден үш министрлікпен бірлесіп іске асырудамыз. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігі, Экология, Табиғи ресурстар және Геология министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі. Аталмыш жобаның түпкі мақсаты  не дегенде, тұрақты даму дер едім. Тұрақты даму дегеніміз не? Ол – тұрақты түрде халықтың денсаулығын жақсарту.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: ehonews.kz