Қазақстанда жаңа кен орындарының көзі ашылады

Қазақстанның жер қойнауынан алтын, қорғасын, мырыш сынды сирек кезігетін қатты пайдалы қазбалардың 50 тарта жаңа кен орны ашылуы мүмкін. Үкіметте геологиялық барлаудың «2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның» тұжырымдамасы қаралды. Құжаттта негізгі 7 міндет белгіленді. Мақсат – алдағы 5 жылда  еліміздің минералдық-шикізат базасын дамыту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және тұрақты толықтырылуына жағдай жасау.

Есесіне жерді қашықтықтан зондтау сынды ғылыми геофизикалық зерттеулердің озық түрлері қолданылатын болады. Барлау жұмыстарын цифрландырып, инвестиция тарту көзделген. Кемінде 10 кен көзін ашу үшін 6,3 трлн теңге көлемінде қаржы құйылады деп күтілуде.

Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік қорда 8 мыңға жуық пайдалы қазбалардың ошағы тіркелген. Тек 15 шөгінді бассейнде ғана шамамен 76 млрд тоннаны құрайтын мұнай-газ ресурсы бар деп болжануда.

МАҒЗҰМ МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

 - Бірінші. Еліміздің геологиялық зерттелу деңгейі 25  пайыздан 37 пайызға дейін арттырылады. Екінші. Қатты пайдалы қазбалардың болжамдық ресурстары нақтыланып, перспективасы жоғары 50-ге жуық учаскелер анықталады. Үшінші. Шөгінді бассейндердің геологиялық зерттелу дәрежесі арттырылады: игерілген бассейндер бойынша – 60 пайызға дейін; аз зерттелгендері бойынша – 10 пайызға дейін. Төртінші. Пайдалы қазбалардың болжамды ресурстарының өсімі қамтамасыз етіледі.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: qazgeology.kz