Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы көлемі артады

Көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақының көлемі артады. Өзгерістер 8 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған жанұяларға қатысты болмақ. Бұл туралы кеңейтілген алқа отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді. Қазір жетінші бала туған соң, кейінгі балаларға мемлекеттен белгіленген жәрдемақы 75 мың теңгеге жуық төленеді. Ал әлеуметтік төлем дифференциалды түрде есептелсе, бұл көрсеткіш 160 мың теңгеге жуықтайды. Қазақстанда 15 баласы бар отбасыға осынша қаржы төленетін болады.

Министрдің айтуынша, бүгінде заң жобасы келісіліп жатыр. Түзетулерді енгізу уақытына қарамастан жаңа стандарттар бойынша жәрдемақы төлеу 1 қаңтардан басталады.

БІРЖАН НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

-  Біз дифференциалды түрде есептеу дұрыс деп отырмыз. Енді 8 балалы отбасылар 74 мың теңге емес, 85 мың теңгеге жуық алады. Ал 9 балаға жәрдемақы 96 мың теңге, 10 балаға 106 мың теңге көлемінде болады. 15 балаға 159 мың теңге шығады. Одан кейін әр балаға 10 600 теңгеден қосылып отырады. Бұл дұрыс деп есептейміз. Кейбір өңірлерде 11-12 баласы бар отбасылар, 7 балаға арналған жәрдемақы алып отыр.

Фото: 365info.kz