«Бабалар ізімен» экспедициясы жалғасады

«Бабалар ізімен» – Оңтүстік-Шығыс Азияға! Саяхатшы Сапар Ысқақов бастаған еліміздің ең танымал экспедициясы жалғасын табады.  Ендігі бағыт – Вьетнам, Индонезия және Мьянма елдері. Екі апталық сапар барысында Сапаров пен оның командасы  Оңтүстік  Шығыс Азияда қалған баба мұраларын түгендейді.

Естеріңізге сала кетейік, «Балалар ізімен» жобасы өз жұмысын 2016 жылы бастаған болатын. Елордада өткен брифинг барысында Сапар Ысқақов жоба 2023 жылға дейін жалғасатындығын айтты.  Алдағы уақытта  әлемнің тағы 50-ден астам мемлекетіне бару көзделген.

САПАР ЫСҚАҚОВ, САЯХАТШЫ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ АВТОРЫ:

– 49 шет елде болдық. Біздің бабаларымыздың ізін көп елден тауып жатырмыз. Оны телеарналар арқылы шығарып беріп жатырмыз. Біздің келесі баратын елдеріміз бұл – Оңтүстік-Шығыс елдері. Онда да біздің бабаларымыздың іздері қалған, олардың тұлпарларының тұяғының іздері қалған. Оны дәлелдейтін көптеген артефактілер бар. Соны біз осы жолы тауып, деректі фильм жасап, халыққа жеткізуіміз керек.

«Бабалар ізімен» авторлық жобасы бүгінгі күнге дейін «Kazakh TV» телеарнасынан 65 деректі фильмді жарыққа шығарды. 2023 жылға дейін  олардың қатары 2 есе артып, 150 деректі фильм көрермен назарына ұсынылады.  

ТАЛҒАТБЕК ӘБДІҚОЖАЕВ, «ХАБАР 24» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ КОРРЕСПОНДЕНТІ:

– Мен «Бабалар ізімен» экспедициясының сапарында 2018 жылдан бері жүрмін. Осы аралықта біз бірнеше мемлекетте болдық. Бұл сапар аясында дайындалған материалдар жедел түрде «Хабар 24» тен шығады. Ақпарат ретінде жаңалықтар бөлімінен шығады. Сосын арагідік «Kazakh TV» арнасынан да ақпараттық сюжет ретінде дайындалып беріледі. Ал негізгі деректі фильм сәл кейінірек, толықтырылып, тарихшылардың жан-жақты көзқарастары сараланып барып дайындалады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева