Арал теңізінің құрғаған түбіне 17 мың гектар қара сексеуіл көшеттері отырғызылады

Арал теңізінің құрғаған түбіне тағы 17 мың гектар қара сексеуіл көшеттерін отырғызу міндеті Қазақстан экологтарының алдында тұр. Олар ол іске қаржыны грант есебінен алуға ниетті. Орман секторындағы ынтымақтастық жөніндегі Азиялық ұйым жобаны қаржыландыруға дайын. Атап өтерлігі, аталмыш ұйымға Қазақстан да кіреді.

АСЫЛХАН АСЫЛБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БИОАЛУАНДЫҒЫН САҚТАУ ҚОРЫ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Қазақстан Тынық мұхиты елдерінің АFоСО қауымдастығына өтініш берді. Олар көшеттерді отырғызуға қаржы бөледі. Қазіргі таңда олар екі жобаны қарастыруда.

Сондай-ақ ғалымдар қазір өсіп, жайқалып тұрған ағаштардың жағдайын қадағалауды назардан тыс қалдырған емес. Бұл шаруада олар инновациялық технологиялардың көмегіне жүгінген. Нәтижесінде сексеуілдің өсу қарқынын арттыру көзделген.

АСЫЛХАН АСЫЛБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БИОАЛУАНДЫҒЫН САҚТАУ ҚОРЫ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Қазақстанда ботаника институты, топырақты зерттеу институты бар. Аталған мекемелерде сексеуілдің өсу қарқынын жеделдететін ерітінді әзірленеді. Ол ағаштардың өсуін, жерсінуін 1,5 есеге күшейтеді. Міне, қазір осындай сынақ жүріп жатыр.

Бүгінде сексеуіл көшеттерін отырғызу Қазақстанның Щучинск қаласындағы орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты әзірлеген ұсыныстар бойынша жүргізілетінін атап өткен жөн.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: mytabigat.kz