Шығыс Қазақстан облысында құсбегілердің республикалық сайысы өтті

Қансонарда бүркітші шығады аңға. Тап осындай тақырыппен Шығыс Қазақстан облысында құсбегілердің республикалық сайысы өтті. Дәстүрлі жарыс Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ақынның туған жерінде ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 60-қа жуық құсбегі қатысып, 2 күн бойы саятшылық өнерін паш етті. Жарысқа Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ерасыл – 11 жаста. Бұл өнерді жастайынан атасы мен әкесінен үйреніпті.

ЕРАСЫЛ СЕРІКБЕКҰЛЫ, ЖАС ҚҰСБЕГІ:

-  Бүркітшілікті мен кішкентай кезімнен, 7-8 жасымнан бастадым. Ең бірінші құсым ителгі болды. Сөйтіп ақырындап кіші құсты ұстап жүрдім де кішкене үлкейген соң, үлкен құстарды алып баптаймын.

Бүркіт, ителгі, қаршыға сияқты қыран құстардың әрқайсысына бөлек-бөлек шарттар қойылды. Бәсекеге қатты жел кедергі келтіргенімен, көктен құйылған құстардың қайсысы болса да тартынып қалған жоқ.

ЕРМҰХАН БАЙЕТБАЙ, ЖЕҢІМПАЗ БҮРКІТШІ:

 - Бүркітімнің аты – Айғайтас, жасы 4-те. Бірнеше жарыстарға қатысқан, көптеген жарыстарда болды, енді сол бүгін бағы жанып, бабы қатар келіп, 1-ші орын алдым. Үлкен ақсақалдарымыздан білмегенімізді сұрап, үйреніп келе жатырмыз. Көптеген жастар қазір осы бүркітшілікке қызығып, айналысуда.

ЖАРҚЫНБЕК БАЙСАБЫРОВ, АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Біздің облыста 600-дей іс-шара Абай тойы аясында өтетін болып бекітілді. Соның 118 іс-шарасы біздің Абай елінде өтеді. Сондықтан міне, бастама келешек ұрпаққа, жастарымызға үлкен өнеге деп есептейміз. Біздің ұмытылып бара жатқан өнерді жаңғырту мақсатында, «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласы аясында жасалып жатқан іс-шара – үлкен өнеге.

Фото: Хабар 24