Қазақстандық ғалымдар құм ұстайтын бактерияларды жасап шығарды

Қазақстандық ғалымдар құм ұстайтын бактерияларды жасап шығарды. Микроағзалар ылғалды ұстап, құмның көшуін тежеуге арналған. Қатты жел соққан кезде бархандар бірнеше метрге дейін қозғалуы мүмкін. Ал дайындалған орындарға сексеуілді отырғызса, микроағзалардың көмегімен шөлейттену мәселесін шешуге болады, дейді қазақстандық ғалымдар.  

АСЫЛХАН АСЫЛБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БИОАЛУАНДЫҒЫН САҚТАУ ҚОРЫ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

– Бұл бактериялардың құмды ұстау қабілеті өте жоғары. Сексеуілді осылай тығыздалған топыраққа отырғызса, ол жақсы өсетін болады. Ең бастысы, сексеуілдің бейімделіп, өсуі ғой. Өскін берсе, ол 2-3 метрге дейін тамыр жаяды.

Сексеуілді өсіру бойынша өз тәжірибелерімен Қытай, Иран, Ауғанстан, Монғолия, Түркменстан және Өзбекстан ғалымдары да бөлісуде. Сондай-ақ олар қазақстандық зерттеушілердің ізденістеріне де қызығушылық танытуда. 2019 жылы Қазақстан Кореяның Орман қызметімен бірлесіп, Арал теңізінің түбінде 10 мың гектар аумаққа қара сексеуілдің көшеттерін отырғызды. Елімізде бұтаның дәл осы түрін көбейтуге басымдық берілетінін атап өткен жөн. Ол аса күтімді қажет етпейді және шөлейтті аймақтарда жақсы өседі ал биыл көктемде 2,5 мың гектар жерге сексеуіл отырғызу жоспарланған. 

АСЫЛХАН АСЫЛБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БИОАЛУАНДЫҒЫН САҚТАУ ҚОРЫ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Мысалы, Түрікменстан көшеттерді шахматты тәртіппен отырғызады. Олардың құмдары терең болғандықтан, тамыр жаюы қиын шығар. Біздің де өз әдісіміз бар. Бәріміз де тәжірибе алмасудамыз. Моңғолия елі өз әдістерін ұсынды. Кореялық ғалымдар бізге жылына екі рет келіп, тұқымдарды іріктеп, өз зерттеулерін жүргізеді.

Қазақстандық тараптың алға қойған басты міндеті – Қызылорда облысындағы елдімекендердің айналасына сексеуілден жасыл белдеу өсіріп шығару. Осылайша, экологтар аумақта бұталы орман жайқалтуды көздейді. Әлемде Қазақстан сексеуіл басқан аумағы бойынша бірінші орында. 12  млн гектар орманның жартысынан астамын, яғни 6 млн гектарын сексеуіл алып жатыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: ecoportal.info