Қазақстандық вундеркинд – елорда әкімдігінде жауапты қызметке тағайындалды

14 жасында лицейді, 18 жасында университетті тәмәмдады. Енді міне  президенттік кадр резервінің жеңімпазы! Үздік 300-дің құрамына енген Әнуар Бижан елорда әкімдігінде жауапты қызметке тағайындалды. Ендігі мақсат – мемлекет қызмет саласында цифрлық жобаларды жүзеге асыру. Осылайша, жергілікті  атқарушы билік пен халық арасын жақындастыра түспек. 

ӘНУАР БИЖАН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Идея бар, оны жүзеге асырудың жолын да білемін. Мемлекет басшысының тұжырымдамасы бойынша, әкімдіктер мен қала тұрғындарының, елдімекендердегі халық арасындағы диалогты сандық форматқа ауыстыру керек. Әдетте, тұрғындардың өтініштерін естуге көп уақыт кетіп жатады. Ал біз бұл процесті толығымен автоматтандырғымыз келеді. Азаматтардың ескертулері, ұсыныстары, сауалдары электронды түрде мәліметтер базасына жиналады. Бұл ақпаратты түрлі критерийлер бойынша топтастыруға, барлығын ретке келтіруге мүмкіндік береді. Қазір egov веб порталы жұмыс істеп тұр, ол көптеген қызметтерді ұсынады. Яғни, egov платформасы арқылы тұрғындардың өтінішін нақты уақыт мерзімінде сандық форматқа ауыстырып, тез арада база құру туралы жобамыз бар.