Қазақстанның 8 азаматы Қытайдың Ухань қаласынан қауіпсіз жерге көшірілді

Қазақстанның 8 азаматы Қытайдың Ухань қаласынан қауіпсіз жерге көшірілді

Қазақстанның 8 азаматы Қытайдың Ухань қаласынан қауіпсіз жерге көшірілді. Олар Ресей мен Өзбекстанның арнайы борттарында Ташкент және Тюмень қалаларына жеткізілді. Онда қазақстандықтар 2 апта бойы дәрігерлердің бақылауында болады.

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұшу алдында эвакуацияланған отандастарымыздың барлығы медициналық тексеруден өтті, жоғары температура немесе қатерлі дерттің симптомдары бар адамдар анықталған жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Уханьнан 83 қазақстандықты эвакуациялаған болатын. Денсаулық жағдайын тексергеннен кейін, келгендер Елорданың маңындағы көп бейінді аурухана жанындағы инфекцияға қарсы арнайы бөлінген корпуста 14 күндік карантинге орналастырылды.

Бүгін үкіметте еліміздің вирусқа қарсы күресуге толықтай дайын екендігі мәлімделді. Медициналық маскалар, тепловизорлар, қажетті дәрі-дәрмектер алу үшін мемлекеттік қордан 3,5 млрд теңге бағытталды.

Айта кетейік, елімізде бұған дейін де қатерлі ауруды таратпай, алдын алу шаралары қолға алынған. Аспан асты елінен Қазақстан арқылы тасымалданатын транзиттік жолаушылардың визасыз режимі және «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығының қазақстандық бөлігінің жұмысы тоқтатылды.

Фото: elorda.info