Арал өңіріндегі шөлейтті орын жасыл желекке айналады

Шөлейттің орнына жасыл жайлау, бос жерлерге ну орман. Осылайша 5 жылдан кейін Өзбекстан Арал теңізінің құрғаған бөліктерін жасыл бақшаға айналдырмақ ниетте. Республиканың барлық аймақтарынан мамандар үшінші жыл қатарынан қураған өлкені көгалдандырумен айналысуда. Арнайы технология бойынша мұнда шөлейтті мекеннің басты ағашы – сексеуілді отырғызуда. Мамандардың айтуынша, бұл ағаш өсімдіктері өз тамырымен топырақты бекітіп, құмның пайда болмауына өз әсерін тигізеді. Ал сексеуіл өсімдігі 10 жасқа келгенде 10 текше метрге дейін құмды ұстау мүмкіндігіне ие болады. Бұл тәжірибені Қазақстан өз көршілерінен көшіріп алуға ниеттеніп жатқандығын айта кеткен жөн.

Сондай-ақ Республика Аралдың жағалау аумақтарында шөл және жем-шөп өсімдіктерінің көшеттерін өсіруді жоспарлап отыр. Бұдан басқа, мемлекет Арал өңірінде биоәртүрлілікті сақтау және балық кәсібін дамыту жөніндегі жұмысты күшейтуді көздеп отыр.

ГЛЕБ ЩЕГЕЛЬСКИЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазақстан өз тарапынан серпінді деп айтуға тұрарлықтай жоба – ол кіші Аралды сақтап қалу үшін атқарылған біршама жұмыстар. Яғни суды сақтау үшін арнайы тұрғызылған бөгеттерді айта аламыз. Бүгінгі таңда Аралда балық өте тұрақты түрде шығарылады. Жыл сайын шамамен 8000 тонна балық ауланып, өңделеді. Өткен 2019 жылдың өзінде Арал өңірінде балық ресурстарын қайта өңдеу бойынша 5 цех ашылды. Айта кету керек, қазіргі таңда балық өндірісне қызығушылық үлкен.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

Фото: regnum.ru