Словакиядағы кітапханаға ұлы Абайдың кітаптары сыйға тартылды

Словакия Ғылым академиясының орталық кітапханасына ұлы Абайдың кітаптары сыйға тартылды. Братислава – Абай шығармалары әкелінген Еуропаның үшінші астанасы болды. Ұлттық академиялық кітапхана бұл қалаға 200 кітапты сыйға тартты. Арасында тарихи романдар, өлең жинақтары, антологиялар және әрине Абай туындылары бар. 

МИХАЛ СЛЯЦКИЙ, СЛОВАКИЯ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ОРТАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан ұлттық академиялық кітапханасына алғысымызды білдіреміз! Бұл – шынымен құнды сыйлық. Осы әдебиеттің біз үшін маңызы зор. Кітаптар жиынтығы оқырмандарымызға қызық болатынына сенімдіміз.

Жиналған халық алғаш рет Абай сөздерін словак тілінде естіді. Оразалы Ерланұлы өзге қазақ студенттерімен бірге Абайдың 32-ші қара сөзін аударды. 

ОРАЗАЛЫ ЕРЛАНҰЛЫ, СТУДЕНТ:

 - Бұл шара өтетінін білгеннен кейін бірден дайындала бастадық. Аудармамен екі аптадай айналыстық. Расында да оңай іс емес екен. Абай қолданған қазақтың көне сөздерін словак тілінде жеткізу қиын. Тіліміз бай болғандықтан, өзге тілде баламасын табу күрделі іс.

Ұлы ақынымыздың туындылары Еуропаның тағы да бір тілінде жарық көретін болды. Жазда Братиславадағы Қазақстан елшілігі словак тіліндегі Абай кітабінің тұсаукесерін өткізбек. 

РОМАН ВАСИЛЕНКО, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЛОВАКИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Абайдың 175-жылдық мерейтойы аясында елшілігіміздің қолдауымен Абайдың қара сөздері мен поэзиясы словак тіліне аударылады. Осының арқасында елдеріміздің арасы жақындап, халықтарымыз бір-бірін жақсы түсіне бастайтынына үміттіміз.

Қазақстан мен Словакия кітапханашылары болашақ жобаларды талқыға салып, өзара ынтымақтастық ауқымын кеңейтуді шешті.

Атап айтқанда, қазақстандық мамандарды кітаптарды цифрландыру бойынша Словакия тәжірибесі қызықтырып отыр. Салтанатты кеш шағын концертпен аяқталды. Студенттер домбырамен күй ойнап, қазақтың әндерін әуелетті. 

Фото: inform.kz