Прагада Абайдың 175-жылдығына орай мәдени-ақпарат орталығы ашылды

Абайдың 175-жылдығына орай Прагада мәдени-ақпарат орталығы ашылды. Бұл Еуропа тұрғындарына ұлы ақынымыздың шығармашылығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Мұнда 1 мыңнан аса кітап топтастырылған. Жаңа басылымдармен қатар, сирек кездесетін көне даналар да көпшілік назарына ұсынылған. Барлығы Семейден арнайы әкелінген. Сондай-ақ фото және бейнематериалдар, Абайдың  Қара сөздерінің үш тілдегі аудиожазбалары да осы жерден табылады.

ҮМІТХАН МҰНАЛБАЕВА, ҚР ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ КІТАПХАНА ДИРЕКТОРЫ:

 - Абай мұрасын 32 жыл бойы жинап жүрген Алмахан апай бар. Бұл кісі өз қорында бар бүкіл суреттерді кітапханамызға сыйлады. Біз осында Абай өмірінің түрлі кезеңдері: балалық шағы, жас кезі және шығармашылықпен айналысқан кезіне қатысты деректерді ұсынып отырмыз.

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Бұл – Абайдың 1909 жылғы жинақтың көшірмесі. Қалғандары – 30-шы жылдарға дейін шыққан жинақтар. Кейбірі Абайдың өлеңдерінің алғаш рет баспасөзге басылғандары. Сондықтан да түпнұсқа болып табылады.

Жобаны Қазақстан ұлттық академиялық кітапханасы Чехия ұлттық кітапханасымен бірлесіп, жүзеге асырды. Абай орталығы Чехияның ең көне кітапханасында орналасқан. Енді осында келетін мыңдаған оқырман ұлы Абай туындыларымен таныса алады.

МАРТИН КАСАНДО, ЧЕХИЯ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан мен Чехия бір-біріне алыс орналасқан. Азаматтарымыз Қазақстанды аса жақсы білмейді. Абай орталығы чехтарға Қазақстан мәдениеті мен әдебиеті және ұлы жазушы Абаймен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Осындай шараны ұйымдастыру – біз үшін үлкен абырой.

СТАНИСЛАВ БЕРКОВЕЦ, ЧЕХИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Кітапханаларымыз осындай жобаны жүзеге асырғанына ризамын. Тіпті Чехия парламентінде де Қазақстанға үлкен қызығушылық бар. Жеке өзім Абай шығармашылығымен таныспын. Осы көрмеде ол туралы көбірек білетініме сенімдімін. Жұмыстан бос уақытымда міндетті түрде Абай орталығына тағы да бір рет барамын.

Фото: 24.kz