Биыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілмек

Биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілмек. Бұл ғылымның бірнеше саласы бойынша сүбелі еңбектер жазып қалдырған ғалымның мұрасын зерттеп, зерделеуге мүмкіндік береді. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары», «Музыка туралы үлкен кітап» «Кемеңгерлік меруерті», «Азаматтық саясат» атты еңбектері бүгінгі қоғам үшін де маңызды. Бүгінгі күнге 100-ден аса еңбегі жеткен. Олар иврит, латын, араб тілдерінде сақталған. Әл-Фараби көне грек ойшылы Аристотельдің еңбектеріне түсініктеме жазып, оны қазіргі оқырманмен қауыштырды.

ҒАЛИЯ ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, ФИЛОСОФИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Аристотельден кейінгі ойшылдың философия саласында ғана емес, сонымен бірге математика, музыка, медицина және тағы басқа көптеген салаларда іргелі еңбектері бар. Әл-Фараби мұрасын зерттеу елімізде жылдан жылға жалғасуда.

Қазақ Ұлттық университетінде Фараби орталығы 1993 жылы ашылған. Кейіннен Мысыр, Түркия, Үндістан сияқты әлемнің 12 елінде ойшылдың терең ілімін зерттеу орталықтары жұмысын бастады. Фарабитануға жаңа серпін берген орталықта биыл бірнеше халықаралық жобалар өткізу жоспарланған. Ойшылдың еңбектері жинақталған электронды платформа ақпанда іске қосылады.

БЕКЖАН МЕЙІРБАЕВ, ҚАЗҰУ ФАРАБИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ол үш тілде жұмыс істейді. Фарабидің ойлары, идеялары, қазіргі біздің заманымызда да өзектілігін жоғалтпаған, өткір әлеуметтік саяси мәселелерді шешуге өзіндік серпін беріп отыр. Сондықтан бұл жерде әлеуметтік гуманитарлық жаратылыстану ғылымдарының мәселелері де қарастырылады деп ойлаймыз.

Бұл сайт «онлайн колледж» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Онда халықаралық фарабитанушылар өз жобаларын жариялап, талқылай алады. Сондай-ақ сайт арқылы ойшылдың мұралары бойынша онлайн курстардан өтуге болады.

Фото: inform.kz