Елімізде «Абай жолы» роман-эпопеясының Брайль жүйесіндегі нұсқасы жарық көрді

Елімізде «Абай жолы» роман-эпопеясының Брайль жүйесіндегі нұсқасы жарық көрді. Мамандардың айтуынша, романның бір беті Брайль шрифтіне ауысқанда 3 бетке ұлғайған. 4-томдық әдеби туынды 21 кітап болып шықты. Бұл – Шығыс Қазақстан облысындағы зағиптар мен көзі нашар көретін жандарға арналған кітапхана ұжымының ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арнаған шараларының бірі. Осыған дейін олар Абай Құнанбаевтың қара сөздерін зағиптарға арналған оқу жүйесінде жазып шыққан екен. Енді алдағы уақытта «Өлең – сөздің патшасы» атты өлеңдер жинағын топтастыруды да жоспарлап отыр.

ДЕНИС ИШУНИН, БІРІНШІ ТОП МҮГЕДЕГІ:

 - Бұл туындыны үлкен ынтамен оқып жатырмын. Басынан аяқ тәлім тәрбиеге толы шығарма. Сонысымен де мені бірден қызықтырды.

Ал Павлодар облысында ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған шаралар шымылдығы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің көрмесімен ашылды. Жоба Павлодар мен Семей музейлері арасындағы әріптестік аясында қолға алынды. Көрмеге әкелінген жәдігерлердің арасында ақын алақанының табы қалған ет табағы, сыбызғы сияқты жеке бұйымдары да бар. Жалпы, Абай музейінің қорында 1000-нан аса картина бар екен. Ең таңдаулысы – «Жас Абай» картинасы алғаш рет жылжымалы көрме жәдігерлерінің қатарына еніп отыр. Абай мұрасы көрмесі ақпан айының ортасына дейін жалғасады.

ҚУАТ ҚИЫҚБАЙ, АБАЙДЫҢ «ЖИДЕБАЙ – БӨРІЛІ» МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІНІҢ АҒА ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Дәл осы ұлы Абайдың мұрасы тақырыбындағы көрмеде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейінің асыл қорынан 100-ге тарта жәдігер келіп отыр. Абай оқыған Ахметриза мешіт-медресіндегі кітаптар. Парсы, араб, түрік тіліндегі, шағатай, татар тіліндегі кітаптары бар. Сонымен бірге Абай дәуірінен, Абай лебінен, Абай үнінен бізге Абай әлеміне сапар шектіретін, үлкен хабар беретін дүниелердің бірі, қазақтың салтына, санасына сіңген дәстүрін айтатын, сол туралы мағлұмат беретін үлкен жәдігерлер келіп отыр.

Фото: 24.kz