Дамаскідегі әл-Фараби тарихи-мәдени орталығы туристерді қабылдауға дайын

Дамаскідегі әл-Фараби тарихи-мәдени орталығы туристерді қабылдауға дайын

Дамаскідегі әл-Фараби тарихи-мәдени орталығы туристер үшін есігін айқара ашуға дайын. Шам еліне барған қазақстандық делегацияның шешімі осындай. Айта кетейік, ұлы ойшылдың 1150-жылдығына орай отандық делегация мәдени орталықтың жай-күйімен танысу және алға жоспар құру, анықтау мақсатында қалаға келген болатын.

ҚАЙРАТ ЛАМА ШАРИФ, ҚР СІМ АРНАЙЫ ТАПСЫРМАЛАР БОЙЫНША ЕЛШІСІ:

 - әл-Фараби орталығының ғимараты Сирияда болған соғысқа қарамастан жақсы қалпында сақталып тұр. Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  бастамасымен тұрғызылған нысанға сириялықтар ұқыпты қараған. Ендігі мақсатымыз – ғимараттың техникалық жағдайын зерттеу. Кішігірім жұмыстардан кейін, орталық ашылу салтанатын өткізуге дайын. Осындай мақсатта Сыртқы істер министрлігінде келіссөздер жүргізілді. 

Естеріңізге сала кетейік, әл-Фарабидің ежелгі грек философтарынан айырмашылығы, «адам» ұғымын этникалық шекарамен шектемеген. Ол өзінің трактаттарында адамдарды біліммен таныстыру мүмкіндігі ұлттық, нәсілдік, әлеуметтік, діни көзқарастарға байланысты емес деп тұжырымдады. Ұлы отандасымыздың философиялық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында Дамаскіде әл-Фараби мәдени орталығын құру шешімі қабылданған болатын. Болашақта ғимарат қабырғасында конференциялар, халқымыздың тарихы, салт-дәстүрлері туралы дәрістер, сондай-ақ қазақ және араб тілдерінде курстар өткізу жоспарлануда.

Фото: kazinform.kz