Ақтөбелік кітапханалар қоры «Абайтану» шығармасымен толығады

Ақтөбелік кітапханалар қоры «Абайтану» шығармасымен толығады. Бұған дейін өңірдегі білім ошақтарына таратылған туынды оқырманның қызығушылығын туғызған еді. Кітап авторы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, абайтанушы – Бауыржан Ердембеков. Жоғарғы оқу орны ұлы ақынның 175 жылдығын атап өтуді өткен жылы бастаған. Биыл Абайдың туған өлкесіне жасалған танымдық экспедиция туралы фильм мен альбом жарық көреді.

АБАТ ПАНГЕРЕЕВ, Қ.ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ МӨУ «АБАЙТАНУ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТ» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Университетте Абайтану пәні бұрыннан бері жүргізіліп келе жатыр. Былтырғы жылы «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Абайға байланысты ғылыми жобаларға қатысамыз. Одан кейін студенттер, магистранттар, докторанттар осы Абай тақырыбына байланысты диплом жұмыстарын, ғылыми дессертацияларын жазады.

Ал Таразда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай кітап көрмесі ашылды. Онда ұлы ақынның өлең жинақтары, қара сөздері хикмет кітаптары қойылған.

Сондай-ақ  кемеңгердің өмір жолы, шығармаларына арналған ғалым-жазушылардың 80-нен астам зерттеулері мен еңбектері де бар. Көрме арқылы Абай туралы біліп, бай мұрасымен танысқысы келетін көпшілікке жағдай жасалмақ.

ГҮЛФАЙРУЗ ІҢКӘРБЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Абайдың шығармалары арқылы дұрыс тәрбие беруді мақсат тұтып отырмыз. Бұл көрме бір жыл бойы жұмыс істемек. Қорға түскен барлық жаңа басылымдар осы көрмеден орын таппақ.

Фото: Хабар 24