Сұлтан Бейбарыс кесенесінде 77 мыңға жуық қолжазба сақталған

Сирияға арнайы сапармен барған «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының мүшелері Дамаскіде Сұлтан Бейбарыстың кешенінің жай-күйімен танысты. Киелі мекен жүздеген жылдар бойы медресе, кітапхана ретінде жұмыс істеді. Ал 2009 жылы Қазақстан үкіметінің қолдауымен күрделі жөндеуден өтті. Ішіне заманауи кітапхана мен оқу залдары жасақталды. Кесенеде ұлы дала халықтары мен қыпшақтардың өмір салты жайлы мыңдаған қолжазба сақталған.

МОФАҚ ДОҒМАН, ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ЗЕРТТЕУШІ:

 - Қазір мұнда ең маңызды деген кітаптардың қысқаша түсініктемесі жазылған 77 мыңға жуық жинақ бар. Бұған дейін осында сақталып келген 11 мыңдай қолжазба қазір елдің ұлттық кітапханасына көшірілді. Олардың көбісі Таяу Шығысты Сұлтан Бейбарыс басқарып тұрған тұста жазылған. Арасында Сұлтанның жеке мөрі басылған құжаттар да кездеседі. Ол маңына оқымыстыларды жинап, дүние мен дін саласында ғылыми еңбектердің жазылуына үлкен үлес қосқан.

Даңқты бабамыздың кесенесі әлемде ең қасиетті жердің бірі Омеяд мешітіне іргелес салынған. Шыңғыс хан ұрпағы Хулагудың шабуылынан тас-талқаны шыққан көне қамал Сұлтан Бейбарыстың нұсқауы бойынша жөндеуден өткен.

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Ол кісі қайтадан өзгертеді. Кейбір жарларын қосады. Менің сол жағымда үлкен канал тұр сол кездегі ескі Цитадель дейді, соны қоршап канал салған. Сұлтан Бейбарыс кеткеннен кейін Сұлтан Қалауын да үлкен реконструкция жасады. Мұны кеңейтті, қайтадан орнына келтірді. Ал одан кейін Сұлтан Хайыл. Ол да үлкен жұмыстар жасаған. Сондықтан бұл қамалдың мағынасы өте күшті.

Сапар барысында экспедиция мүшелері Сұлтан Бейбарыстың ұрпақтарымен кездесті. Сондай-ақ бабаларымыздың кесенесін зиярат етіп келген зерттеуші топты Сирияның Мәдениет министрі қабылдады. Кездесу барысында Сапар Ысқақов екі елді жақындастыратын тарихи мәдени мұралар туралы сөз қозғап, министрге 12 ғасырда қолданылған қобыздың көшірмесін сыйға тартты.

Фото: Хабар 24