Ясауи атындағы қазақ-түрік университетіне ерекше мәртебе берілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарлығымен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне ерекше мәртебе берілді. Енді еліміздегі жалғыз халықаралық оқу ордасы академиялық және басқарушылық дербестікке ие болады. Университет Ph.D. философия докторы және сала бойынша доктор дәрежесін тағайындауға, білім беру бағдарламасының мазмұнын анықтауға әрі жеке үлгідегі дипломдарды беруге мүмкіндік алады.

Ерекше мәртебедегі оқу орынының алғашқы түлектері биыл жазда шығарылады. Онда қазақ студенттерімен қатар, әлемнің 100-ден астам елдерінің жастары білім алуда. Жоғары оқу орнында білім беру жүйесі 4 тілде – қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілінде жүргізілсе, профессор-оқытушылар құрамында шетелден арнайы шақыртылған мамандар бар.

Айта кетейік, елімізде университет алғашқылардың бірі болып «халықаралық» мәртебеге ие болды.

МИРАС ДӘУЛЕНОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл университеттің алдында жаһандық білім беру бағдарламаларын әзірлеу міндеті тұр. Бұл дегеніміз не? Ерекше мәртебе – университетке дербес оқу бағдарламасын құруға мүмкіндік береді. Білім ордасы мемлекеттік стандарт аясында қанша оқу сағаты керек екенін өзі белгілейді. Яғни, университет оқу бағдарламасын өз қалауынша өзгерте алады. Адам өзіне қолжетімді тілде оқи алады. Студент біздің жоғары оқу орнында ағылшын және түрік тілдерінде оқи алады, және оқу орнын бітіргеннен кейін әлемнің кез келген жерінен жұмыс таба алады.  Университет бүкіл ортаазиялық аймақтың студенттерін көптеп тарта алатын негізгі алдыңғы қатарлы білім беру бағдарламаларын жасауға бағытталған.

Фото: bilimdinews.kz