Қ.Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде резерв құру туралы бастама өзінің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі болғанын атап өтті. Қазақстан Президенті қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа әдістерді енгізу қажет деп санайды. Барлық жаңалықтың ортақ мақсаты – халыққа жақын болуға ұмтылу. 

Шын мәнінде, мемлекет қызметінің сервистік моделі жайында айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік кадр резервінің әрбір мүшесіне арнаған сөзінде, олардың әрқайсысынан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтетінін жеткізді.

Президент, сонымен қатар биыл резервтегі 100 адамды жауапты қызметке тағайындауды, алдағы жылдарда кадрлық резервтің әлеуетін толық пайдалануды жоспарлап отырғанын айтып өтті.

Жалпы, кадрлық резервті қалыптастыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде мемлекеттік басқарудың жүйесі қалыптасты. Бұл жүйе талай қиын кезеңдерде өзінің тиімділігін бірнеше рет дәлелдеді. Дегенмен қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа әдістерді енгізу қажет. Кез келген жүйенің өміршеңдігінің негізгі заңы – бұл үздіксіз даму және жетілдіру болып келеді. Осыған байланысты, ең алдымен менеджменттің алдыңғы қатарлы жүйелерін енгізу арқылы жетістікке жететін жетекші технологиялық компаниялар жақсы үлгі көрсетіп келеді. Олардың көшбасшылығы технологияны шебер қолдануға емес, сонымен қатар әр топ мүшесінің талантын және кәсіби қасиеттерін ашуға негізделген. Дәл осындай қағидалар мемлекеттік басқару жүйесінде талап етілуі керек.

Фото: akorda.kz