Камалбек Беркімбаев: Президенттің Абай арқылы Қазақты танытуды үндеуі – мақаласының басты арқауы

«Ақыл-ойдың алыбы саналатын Абай әлемі – тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың асыл қазынасы. Ұлт руханиятының алтын көмбесі. Осы тұрғыдан алғанда Президент өз мақаласында бірнеше мәселені орынды көтерген. Ол – Абайтануды жалғастыра беру, таныған сайын тереңдей түсу. Ұлы ойшылдың идеяларын оқып қана қоймай, оны жүзеге асыру және адамзатқа ортақ мәселелерді қозғаған тұлғаның шығармаларын әлемдік деңгейде насихаттау. Осы тұрғыдан алғанда Президенттің Абай арқылы Қазақты танытуды үндеуі – мақаласының басты арқауы».

Бұл Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің проректоры Камалбек Беркімбаевтың пікірі.

КАМАЛБЕК БЕРКІМБАЕВ, ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

 - Абай әр уақытта қазақтың білімге, ілімге, ғылымға терең бой ұрса, әлемді танытатындай қоғамдағы белді мүшесі болса деген ойларды айтады. Біздің президенттің мақаласы өскелең ұрпақты Абай арқылы қазақты әлемге танытуға үлкен мүмкіндік береді. Мақала әлемдік деңгейде, түркі дүниесінде қызу талқыланып жатыр. Біз қазақты айтқанда Абайдың шығармалары арқылы әлем бізді танитындай деңгейде болуымыз керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына қатысты қостанайлық зиялы қауым өкілдері де пікір білдірді.

Олардың ойынша, ұлы Абайдың ілімдерін танып, білуді өзімізден бастауымыз керек. Ақынның әдеби мұраларын жоғары, орта білім ордаларының оқу бағдарламасына енгізу қажет.

ҚАРЛЫҒАШ НҰРМҰХАМБЕТОВА, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Абайды тану арқылы, ол адам «толық адам» концепциясын менгереді. Сондықтан ЖОО-да, тіпті арнаулы оқу орындарында  барлықтарында Абай курсын, Абайтану курсын оқыту керек.

Фото: vechastana.kz