Сарапшылар Президенттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласынан үлкен нәтиже күтеті

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын  тойлау арқылы  еліміздегі ұлттық идеология жанданады. Ақыл мен ойдың кемеңгерін ұлықтау арқылы бүкіл руханият  жаңғырады. Сондықтан  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында  әрбір іс-шараны өткізуде Абайдың айтып кеткен құндылықтарына құлақ асуға үндейді. Сонда ғана қоғам Абай айтқан бүтін адам дәрежесіне көтеріледі. Жазушылар Одағаның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі – Әлібек Қаңтарбаев Президент мақаласына орай осындай пікір білдірді.

Жазушының айтуынша, енді өткізілетін әрбір шара тиянақты әрі нақты іске бағытталуы керек. Осы ретте, әсіресе атқарушы билікке үлкен міндет жүктеліп отыр.

ӘЛІБЕК ҚАҢТАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ШҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Абайдың айтып кеткен кемеңгерлігі де, Абайдың жазып кеткен өлеңдері де біздің бүгінгі Қазақстанның идеологиясына айналып кетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев соны айтып отыр. Бұл айтылғандардың барлығы тезис күйінде емес, іс жүзінде жүзеге асып жатса, мықты шаралар қолға алынып жатыр.

«Бірің қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Ұлы Абайдың осы бір сөздерін өмірлік ұстанымына айналдырған көкшетаулық ғалым Сәбит Жәмбек, Президент мақаласынан үлкен нәтиже күтетінін айтады. Себебі мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбаевтың шығармаларын әлемге таныту жағын күшейтуді тапсырып отыр.

Ал жаһан жұрты Абайды таныса, қазақтың қандай ұлы халық екенін біледі. 

СӘБИТ ЖӘМБЕК, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Кез келген қоғамның саласында болмасын Абайдың сөзіне біз тік тұруымыз керек. Абайдың сөзінен ұлағат алуымыз керек. Абай «Әр нәрсеге талап керек» дейді. Сол талаппен алға ұмтылу керек.

Фото: Хабар