Мемлекет басшысының Абайдың 175 жылдығына арналған мақаласына пікірлер

Қазақтың біртуар Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласына абайтанушылар қауымы оң пікірін білдіруде.

Әсіресе, алматылық әдебиеттанушылар Абайдың мәдени мұрасы Қазақстан халқының рухани дамуына өлшеусіз үлес қосатындығын ерекше атап өтеді.

КЕНЖЕХАН МАТЫЖАНОВ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бірің дос, көрмесең істің бәрі бос дейтін Абай, ең алдымен, осы бірлік осы тұтастық, осы ынтымақ алдыменен қазақтың өзінің ішінде болуы керек, содан кейін барып біз сол арқылы адамзатты сүйетіндей адамзатты бауырым деп бауырымызға тартатындай биік дәрежедегі интеллектуалды халық болып қалыптасуымыз керек деген дүниені президент өзінің мақаласында ерекше мән беріп айтқан.

«Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Абат Пангереев Ұлы ақынның өсиеттері ешқашан өзектілігін жоғалтпайтынына сенімді.

АБАТ ПАНГЕРЕЕВ, «АБАЙТАНУ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТ» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ, ПРОФЕССОР:

 - «Сөз дегенім – қыз деген, рух – оның күйеуі. Осы екеуін іздеген, жанды хафиз сүйеді», - дегендей Абайдың сөзінің рухтығы сондай ол бұрынғы адамға да, қазіргі адамға да, ертеңгі адамға да түсінікті. Сондықтан Абай – ұлттың өкілдерін, басқа ұлттың өкілдерін бір-біріне жалғастырушы дәнекер.

Фото: almaty.tv