Қазақстан 2020 жылы саяхаттауға арналған үздік елдердің қатарына кірді

Қазақстан белсенді туризм әуесқойлары үшін үздік елдердің қатарына енді.

Британ қауымдастығы бэкпекерлерінің пікірінше, біздің ел 2020 жылы келуге міндетті мемлекеттер рейтингінде 5-ші орынға ие, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Айта кету керек, бұл туризм саласындағы халықаралық сарапшылардың дауыс беру қорытындысынан алынған мәлімет. Зерттеу 2010 жылдан бастап жүргізілуде. Сарапшылар атап өткендей, шытырман оқиғалы туризм, әсіресе жастар арасында жалпы әлемдік трендке айналуда. Қазіргі таңда саяхатшылар бірегей тәжірибе алғысы келетін белгісіз бағыттарды жиі таңдайды.

ЕРНҰР КЕНЖЕБЕКОВ, «KAZAKH TOURISM» ҰК АҚ МАРКЕТИНГ, ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

 - Бэкпекерлерге арналған орындар өте көп. Әрине ең біріншіден, Алматы және Алматы облысында. Бұл салада көптеген табиғи нысандар бар, мысалы, Шарын шатқалы, таулы аймақтар, біздің тамаша таулы көлдеріміз, ұлттық парктеріміз, одан кейін Батыс Қазақстанды да атап өту керек. Онда Үстірт, Босжыра, Тұрыш, үстірттер сияқты бірегей табиғи ресурстар бар. Яғни мұндай табиғатқа бай орындар кез келген елде бола бермейді. Бұл ретте, өзінің сұлулығы бойынша Бурабайды да атап өткен дұрыс. Сондай-ақ Шығыс Қазақстанның табиғатын айтуға болады. Бұл негізінен бэкпекерлерді өзіне тарта білетін аймақтар болып саналады. 

Отандық сарапшылардың айтуынша, біздің республикамыз өзінің тұмса табиғатымен ғана ерекшеленбейді. Қазақстанға ат басын тіреген қонақтар қысқы және жазғы демалыс түрлеріне байланысты туристік іс-шаралардың алуан түрін тамашалай алады. Көбіне шетелдік туристер Ұлы Дала көшпенділерінің өзіндік мәдениетімен танысуға құштар. Бұл жағдай ұлттық спорт түрлерін, халықтың тұрмысы мен тағамдарын танымал етуге мүмкіндік береді.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: yandex.com