«KEGOC»: Біздің міндет – сапалы қызмет

«Кегок» компаниясының 40-қа жуық диспетчері қазақстандықтарды жаңажылдық түні жарықсыз қалдырмас үшін кезекшілік етеді.

Электр желілерін басқару жөніндегі отандық бас компания үшін бұл – ерекше кезең.

31 желтоқсанда қазақстандықтар электр қуатын 3 есе артық тұтынатындықтан, желіге жүктеме артады. Жүйе іркіліссіз жұмыс істеуі үшін диспетчерлік орталықтың жұмысы бір сәтке тоқтамайды.

ЕРАЛЫ ШЫНАСЫЛОВ, «КЕGОС» АҚ ЖҮЙЕЛІК ОПЕРАТОРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ДИСПЕТЧЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл жерде диспетчер күн-түні отырады. Оның жұмысы – басқалардың демалысын қамтамасыз ету. Қандай жағдай туындаса да, басшылық жұмыста болсын-болмасын, қызметкер шешім қабылдай алуы тиіс. Яғни жарық өшпеуі керек. Пойыздардың, ұшақтардың қозғалысы, зауыттардың жұмысы тоқтамауға тиіс.

Бұл орын Қазақстан электр энергетикасы жүйесінің жүрегі десе болады. Энергия өндіретін станциялар мен электр жеткізу желілерінің жұмысы осы бейнеқабырғада көрсетіліп тұр.

Көлемі 12/4 метрлік цифрлық тақтадан еліміздегі электр станциялардың қанша қуат өндіргені, қай жерде апат орын алғаны көрініп тұрады. Осы жұмыстың бәрі 4 диспетчерге артылған.

ВЯЧЕСЛАВ КАРБАНЕВ, «КЕGОС» АҚ ЖҮЙЕЛІК ОПЕРАТОРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ДИСПЕТЧЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бұл – аса қиын кезең. Жаңа жыл күні үйлердің жарығы сөнбес үшін Кегок электр станцияларын жаңарту жұмыстарын жүргізді. Сондықтан осы күні диспетчерлердің жауапкершілігі арта түседі.

Тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн, жылына 365 күн. Елордадағы негізгі диспетчерлік орталықтан басқа, 9 өңірлік филиал осындай тәртіпте жұмыс істейді.

Фото: informburo.kz